Ньюкасл «Гиннесс» брендімен жаһандық серіктестік жасасты
«Ньюкасл Юнайтед» әлемге әйгілі «Гиннесс» сыра брендімен ресми серіктестік келісіміне қол қойды.
«Ньюкасл Юнайтед» клубы «Гиннесс» брендімен жаһандық серіктестік орнатқанын ресми жариялады. Бұл келісім бойынша белгілі ирландиялық стаут Сент-Джеймс Парк стадионында ресми ішімдікке айналады.
Серіктестік тек стадион шеңберімен ғана шектелмейді. Келісім бойынша екі тарап «Toon Army» — Ньюкасл жанкүйерлерінің рухын бүкіл әлем бойынша насихаттауды мақсат тұтады. Бұл клуб үшін имиджін халықаралық деңгейде нығайтудың тағы бір қадамы.
«Ньюкасл» соңғы жылдары ірі серіктестіктер мен инвестициялар тартуда белсенді саясат жүргізіп келеді. «Гиннесс» сияқты жаһандық брендпен бірлесу клубтың коммерциялық бағытының жаңа деңгейге шыққанын айғақтайды. Стадиондағы атмосфера мен жанкүйерлер мәдениетіне ерекше мән беретін «Гиннесс» үшін де бұл серіктестік — дұрыс таңдау.