«Манчестер Юнайтед» жаңа стадион орнын жариялады
Ағылшын клубы 100 мың орындық жаңа стадион салуды жоспарлап отыр. Ол қазіргі «Олд Траффордтан» алыс емес жерде бой көтереді.
«Манчестер Юнайтед» жаңа стадионының нақты орнын ресми түрде жариялады. BBC Football хабарлағандай, 100 мың орынға арналған алып арена қазіргі «Олд Траффорд» аренасынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 350 метр жерде салынбақ.
Жаңа нысанның сыйымдылығы 100 мың көрерменге есептелген — бұл Англиядағы ең үлкен футбол стадионы болмақ. Ол клубтың алдағы жоспарларындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобаға айналады.
Айта кетейік, «Олд Траффорд» — ағылшын футболының ең атақты аренасы. Дегенмен клуб басшылығы соңғы жылдары нысанның ескіргенін және заманауи стандарттарға сай келмейтінін бірнеше рет мәлімдеген еді.
Жаңа стадионды салу қашан басталатыны және құрылыстың нақты құны туралы толық ақпарат кейінірек жарияланады деп күтілуде. Клуб жанкүйерлері жобаның нәтижесін асыға күтіп отыр.